Жариялау этикасы

Халықаралық жарияланым этикасы (COPE стандарттары)

«Тіл және қоғам» халықаралық ғылыми журналы COPE (Committee on Publication Ethics) Жарияланым этикасы жөніндегі комитетінің халықаралық ережелерін және Сингапур мәлімдемесінің зерттеу адалдығы қағидаттарын қатаң сақтайды.

1. Авторлардың этикалық жауапкершілігі

  • Түпнұсқалық: авторлар тек түпнұсқа, бұрын еш жерде жарияланбаған және өзге басылымдардың қарауында жоқ зерттеулерді ұсынады.
  • Плагиатқа жол бермеу: мәтіндік плагиат, автоплагиат және деректерді бұрмалауға қатаң тыйым салынады. Лицензияланған плагиатқа қарсы жүйе бойынша түпнұсқалық кемінде 70–75% (КП1–30% шегі) болуы тиіс.
  • Шынайы авторлық: мақала авторлары ретінде зерттеудің тұжырымдамасына, дизайнына және жазылуына нақты ғылыми үлес қосқан тұлғалар ғана көрсетіледі. Фиктивті ("сыйлық" немесе "қонақ") авторлыққа жол берілмейді. Әрбір автор үшін ресми ORCID iD көрсетілуі міндетті.
  • Дәйексөз келтіру және қаржыландыру: барлық пайдаланылған ғылыми еңбектерге ГОСТ 7.1–2003 стандарты бойынша сілтеме жасалып, гранттық немесе шарттық қаржыландыру көздері «Алғыстар» (Acknowledgements) бөлімінде көрсетіледі.

2. Жасанды интеллект (AI & LLM) саясаты

Генеративті жасанды интеллект және тілдік модельдер (ChatGPT, LLM, т.б.) автор болып танылмайды. Егер ЖИ құралдары деректерді өңдеу немесе кодтау үшін көмекші ретінде пайдаланылса, автор бұл туралы «Зерттеу әдістері» бөлімінде толық мәлімдеуі қажет. Сапасыз машиналық автоматты аудармаға жол берілмейді.

3. Рецензенттердің этикалық міндеттері

  • Құпиялылық: қарауға түскен қолжазба құпия құжат болып табылады және үшінші тұлғаларға жария етілмейді.
  • Объективтілік: сын сыпайы, ғылыми дәлелді және бейтарап түрде беріледі. Жеке пікірлер мен кемсітушілікке жол берілмейді.
  • Мүдделер қақтығысын болдырмау: автормен тікелей бәсекелестік немесе бірлескен жобалар болған жағдайда рецензент бұл туралы редакцияға хабарлап, бағалаудан бас тартуы тиіс.

4. Редакторлар мен Редакциялық алқаның міндеттері

  • Ғылыми тәуелсіздік: жарияланым туралы шешім авторлардың ұлтына, дініне, қызметтік лауазымына немесе азаматтығына қарамастан, тек мақаланың ғылыми құндылығы негізінде қабылданады.
  • Мақаланы қайтарып алу (Ретракция): егер мақала жарияланғаннан кейін дәйексіздіктер, плагиат немесе өрескел этикалық қателіктер анықталса, редакция COPE хаттамаларына сәйкес мақаланы ресми түрде кері қайтарып (retraction) алады.